Қызылша (корь) — ауа тамшылары арқылы жұғатын жедел инфекциялық ауру. Вирус ағзаға тыныс жолдары арқылы еніп, кілегейлі қабатында көбейеді. Одан кейін қан арқылы бүкіл ағзаға тарап, бауырды, тамақ безін, өкпені және сүйек кемігін, яғни жілік майын зақымдайды. Дерт дендеген жағдайда ортаңғы құлақтың, өкпенің, кеңірдектің, көмекейдің қолқаның, ми қабықтарының қабынуына, бас миының ісінуіне және қандағы тромбоциттар санының азаюына, ауыз уылуына, кератит ауруларына әкеп соқтырады. Дұрыс ем көрсетілмеген жағдайда соңы қайғылы оқиғаға душар етуі мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі 9-12 күн, кейде 3 аптаға созылады, науқас адамда өмірлік иммунитет қалыптасады. Қызылшамен бір ауырған бала екінші рет ауырмайды.